БАҚ біз туралы
АЛМАТЫНЫҢ ҚУАТ КӨЗІ – АЖК
«Алтай» қосалқы стансасын іске қосты
"Алматы ақшамы" газеті, 20.12.2014
Нұрлан СҮЙІН

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов шаһардың солтүстік-шығысына электр қуатын тарататын стратегиялық нысанды іске қосу шарасына қатысты. Жабық типтегі №56А 110/10/6 кВ «Алтай» қосалқы стансасының ашылуында шаһар басшысымен қатар, «Самұрық энерго» АҚ, «Алатау жарық компаниясы» АҚ басшылары, энергетика саласының мамандары болды.
110/10/6кВ «Алтай» ҚС-н іске қосу – Алматы қаласы әкімшілігі бекіткен индустриализация картасы және «Келешек Алматы қаласының 2010–2020 жылдарға арналған электр қуаты сызбасы» аясында атқарылды. Қосалқы стансаның іске қосылуына қатысқан шаһар басшысы А.Есімов қуат көзінің Түрксіб ауданы ғана емес, жалпы мегаполис үшін маңызды екеніне тоқталды. Жаңа станса сенімділігі 1 және 2-санаттағы нысандар – Халықаралық әуежай, «Алматыэлектртранс» АҚ, «АЗМК» ЖШС, «Жұлдыз» ықшамауданы және де өндірістік, жеке тұрғын үй секторларын электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Соңғы 6 жылда қалада 31 қосалқы станса салынып, қайта жарақталып, шаһар энергоқуаты 3000 МВА-ға өсті. Былтыр «Бесағаш» ҚС пайдалануға беріліп, мегаполистің «энергетикалық шеңбері» тұйықталды. Яғни, қала толықтай электр желісімен қамтылды. Осылай қаланы 20-25 жылға электр қуатымен сапалы түрде қамтамасыз ету мүмкіндігі жасалды.
– «Алтай» қосалқы стансасы мегаполисті электр қуатымен қамту жоспары бойынша соңғы алты жылдағы 31-нысан. Бұл станса Түрксіб ауданының дамуына жаңа қарқын береді. Жалпы, шаһардың энергоқуатын арттырып, сенімді түрде электр қуатымен қамту бағдарламасы орындалды деуге болады, – деді Ахметжан Есімов.
Қала басшысы алдымыздағы жылы 32 қосалқы станса берілгенде бағдарлама толықтай аяқталатынын атап өтті. Бүгінгі таңда Алматының энергоқуатын арттыру кешенді жұмыстарында, қосалқы стансаларын модернизациялау, қайта жарақтау бойынша Швейцарияның «АВВ» (Asea Brawn Boverі Ltd) компаниясының заманауи, жаңа жабдықтарын пайдалану шаһардың энергожүйесінің қауіпсіздігі мен сенімділігін бірнеше рет арттырды.
Алматыда жыл сайын 300 шақырымдай электр желісі жөнделіп, 15 шақырымнан астам жаңа желі тартылады. Бағдарламаның жүзеге асуы барысында электр желісінің үзілуі азайды. Мысалы, 7 желтоқсан күні Алматыда қалың қар жауғанда бірде-бір желі үзілу апатты жағдайы тіркелген жоқ.
Қала басшысы жаңа нысандардың артықшылықтарының қатарында қосалқы станса құрылысының азғантай жерді алып, жаңаша, тыныш жұмыс істеп, пайдалануда сенімді екеніне тоқталды.
Алып шаһарды электр қуатымен қамту бағдарламасы бойынша жұмыстарды «Алатау жарық компаниясы» АҚ жүзеге асырып отыр.
