Кіл жүйрікте кім жүйрік? Отандық энергетиктер өзара мықтыны анықтайды. Бүгін Қарасай аудандық электр тораптарының оқу-дайындық полигонында электр желілерін жедел жөндеу бригадалары арасында өтетін 5 күндік Республикалық жарыстың ашылу салтанаты болып өтті. 

Алматы қаласы мен облысының 2,5 млн астам тұрғынын жарықпен қамтып отырған «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның ұйымдастыруымен өтіп жатқан жарыстың ашылуына Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев, Алматы қаласы әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ермек Үсенбаев, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Ғани Сәлімжуаров, ардагер энергетиктер Кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов және өзге де энергетикалық компаниялардың басшылары қатысты.

Мақсаты – қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, шеберліктерін шыңдау, электр тарату желілерінде қызмет көрсету барысында жарақаттану деңгейін төмендету болып табылатын сайысқа республиканың әр өңірінен 9 команда қатысады.

Атап айтқанда:

«Алатау Жарық Компаниясы" АҚ

«Ақмола электр желілерін тарату компаниясы» АҚ

«Талдықорған Акционерлік Көліктік Электр Желілік Компаниясы»АҚ

«Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ

«Қарағанды Жарық» ЖШС

«Қызылорда ЭТТК» АҚ

«Маңғыстау электр тораптық Бөлу Компаниясы» АҚ

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС

«Шығыс-Қазақстан Аймақтық Энергетикалық Компаниясы» АҚ.

Тұтынушыларды жарықпен үздіксіз қамту – энергетиктердің басты міндеті. Үзілген сымдарды лезде жалғап, тоқ көзінен ажырап қалған электр бағаналарын сапалы қалпына келтіру жедел-жөндеу тобына жүктелетін міндет. Осы ретте мамандар өз істерінің хас шебері екендерін дәлелдеуі қажет. 5 адамнан құралған команда 7 сыннан сүрінбей өтулері керек.

Алғашқы кезеңде энергетиктер техникалық қауіпсіздік бойынша білімдерін көрсетіп, емтихан тапсырады. Екінші кезеңде тоққа түскен адамды ажалдан құтқарып, алғашқы медициналық көмек көрсетуі тиіс. Бұдан кейін кернеуі 0,4кВ және 10кВ-тық сымдарды, жарық бағаналарын ауыстыру, аса жоғары кернеулі электр желілерін жалғап, ажырату,трансформаторда тұтанған өртті өшіру сынды кезеңдерден тұрады. Басты талап – еңбек қауіпсіздігі ережелерін жатқа білу.

Жеңімпаздар құрмет грамоталарымен, медальдармен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады деп күтілуде. Бас жүлдеге арнайы екі автокөлік тігіліп отыр.

FaLang translation system by Faboba