Жаңалықтар
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жаңа аудандық электр торабын ашты
- Толығырақ
- Жарияланды 02 Маусым 2015
Еске сала кетсек, Алматы қаласы Мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясында «Наурызбай» атты жаңа аудан құру жөнінде шешім қабылданып, алып шаһарда 8-ші әкімшілік аумақ пайда болды. Осы жаңа аудан тұрғындарын электр жарығымен қамтамасыз ету үшін 2015 жылдың бірінші маусымында Наурызбай ауданында «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамының №3-ші аудандық электр торабы іске қосылды.
Жаңа электр торабының ашылу салтанатына Наурызбай ауданының әкімі Қашқынбаев Қуанышбек Қалиұлы, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Үмбетов Мұхит Әбікеұлы және «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС басшылығы қатысты.
45 маманы бар №3 аудандық электр торабы Қарағайлы, Құрамыс, Таусамалы, Ақжар, Тастыбұлақ, Таужолы, Шұғыла және т.б. елді мекендерге қызмет ететін болады. Сондай-ақ, бұрын Әуезов ауданында болған Алғабас және Теректі елді мекендері қазір жаңа Наурызбай ауданының құрамына кірді. Қазіргі таңда ауданның электр торабы №127А, 41А, 42А сынды үш қосалқы стансаға қызмет көрсетуде.