СМИ о нас
ШЫМБҰЛАҚТЫҢ «ШЫРАҚШЫСЫ»
Жанкешті кәсіп саласында 30 жыл қызмет еткен Айсұлу ӘДІЛХАНОВА
Мәншүк БЕКБОСЫН
Қарапайым еңбегімен күн сайын қоғам тынысына игілік дарытып жүретін, онысы әсте көзге түсіп, көпшілік көңіліне елене бермейтін мамандық иелері болады. Мәселен, энергетика саласы. Бұл – кез-келгеннің азуы бата бермейтін бірден-бір қызмет. Ал бұл салада әйел адамның еңбек етуі, тіптен, ерлікпен пара-пар. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында энергетика саласында қызмет ететін нәзік жанды әйел жайында әңгіме өрбітпекпіз. Ол – жарық сөнген кезде ғана еске алатын қаделі мамандықтың қадірін асырып жүрген жанның бірі – Айсұлу Өксікбайқызы.
ЖАРЫҚ СӨНГЕН КЕЗДЕ ҒАНА ЕСКЕ АЛАТЫН МАМАНДЫҚ
Энергетика саласы – уақытпен санаспайтын, асқан жауапкершілікті талап ететін, жүгі ауыр қызмет. Дегенмен, осы саланың жұмысын үздіксіз 30 жыл ұршықтай иіріп келе жатқан Айсұлу Әділханова «Алатау Жарық» компаниясына қарайтын «Медеу – 54 А» подстансасының кезекші электромонтері болып жұмыс істейді. Оның міндетіне жарықты тұрақты беру, апаттық ажыратуларды болдырмау, электр тораптары мен жабдығындағы ақауларды дер кезінде диспетчерге хабарлау кіреді.
– Біздің подстанса «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» курортты базасы және «Самал» ықшамауданына дейінгі аумақты жарықпен қамтамасыз етеді. Бұл тыңғылықтылық пен тәртіпті қажет ететін жауапты жұмыс. Күндіз-түні осы аумақтағы электр энергиясының үзілмеуін қадағалаймыз. Апат болған жағдайда шұғыл диспетчерге хабарлап, елеулі мәселелерді шешуге дайын тұрамыз, – деп бастады әңгімесін біздің кейіпкер.
Айсұлу Өксікбайқызы бұл салада 1989 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алматы қаласының тумасы болғанымен, тұрмыс құрып, еңбек жолын Қостанайдағы «Қостанай Энерго орталығында» бақылаушы (жарық тексеретін маман) болып бастайды. Кейіннен есептеуіш құралын ауыстыратын монтер болып қызмет етеді. 2005 жылдың қараша айында Алматыға ауысып келеді. Жалпы, энергетика қызметінің қатарына түскен соң, бұл қызмет оның тағдыры екендігін түсінеді. Сосын ғұмыр бойы осы салада нәпақасын тауып, тұрақтап қалатынын сезген ол, мамандық ауыстыру немесе өзге кәсіп іздеу ойына кіріп-шықпағанын айтады.
Оның айтуынша, бүгінде толыққанды тұрмыс-тіршілік пен кәсіпорын-мекемелердің қалыпты қызметін жарықсыз елестету мүмкін емес. Тіпті, тәулікті қойып, оның бірер сағат болмай қалуының өзі «оқыс оқиға» саналады, төтенше жағдай ретінде қабылданады екен.
– «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортты – біздің ұлттық мақтанышымыз. Алматыға өзге қалаларға қарағанда, туристер көп келетіні белгілі. Тау бөктерінде орналасқан, әлемдік деңгейдегі курортқа түрлі мемлекеттердің саяхатшылары келеді. Бұл жерде электр жарығы үздіксіз беріліп тұру керек, – дейді Айсұлу ханым.
Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын біздің кейіпкер оның бұл подстансаны бір күнге тұрмақ, жарты күнге тастап кетуге болмайтынын айтады. Өйткені, бір жерде ток қысқа тұйықталып қалып, ал кезекші электромонтер орнында болмай қалса, қаншама адам зардап шегуі мүмкін екен.
– Қазіргі заманда адамның бір күнін, тіпті, бір сәтін электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Мәселен, дәл қазір жарық өшіп қалған жағдайда, ауруханада ота жасалып жатқан науқастың өміріне қауіп төнуі немесе кез-келген өндіріс орнында жұмыстың тоқтап қалуы бек мүмкін, – дейді ол.
Демек, энергетика жұмысының маңыздылығына баға жетпейді. Олардың еңбектерінің арқасында тұрғындардың үйлері жайлы да жарық, ұйымдар мен мекемелер қалыпты қызмет етеді, әрбір тұтынушыға қажетті жарық беріледі.
ЭЛЕКТР ҚУАТЫ – КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН КҮШ
Айсұлу ханымның жұмыс күні таңғы сегізде подстансадағы құрылғылардың жұмысын тексеріп, орталық диспетчерге хабарлаудан басталады.
– Ертең қандай киім киемін деген сұрақ мазаламайды мені. Өзімнің күнделікті формамды киемін, – деген Айсұлу апай, – біздің қызметте киімнің сұлуынан жылуына, ыңғайлылығына баса мән беріледі. Жүрдім-бардым қарауға болмайды. Сондықтан касканы да басымыздан тастамаймыз. Резеңке қолғап киюге де міндеттіміз. Егер таразыға әдемілік пен қауіпсіздікті қатар қойсақ, былғары қолғаптан гөрі резеңке қолғапты таңдаймын, – деп жылы күлді ол.
– Бұл салада қызмет ету өзіме ұнайды. Сондықтан болар, жұмысың көңіліне жақса, оның ауыртпалығын сезбейсің деп жатады. Менің бұл салада үздіксіз қызмет етуіме отбасымның, жолдасым және балаларымның жан-жақты қолдауларының, олардың менің қызметімнің уақытпен санаспайтындығына түсінушілікпен қарауының арқасы деп білемін, – дейді Айсұлу ханым.
Айта кету керек, Айсұлу Әділханованың жұбайы Сағат аға да энергетика саласының үздік маманы. Бүгінде олардың Алмат және Азамат есімді ұлдары ата-ана жолын қуып, «Алатау Жарық» компаниясында табысты еңбек етіп келеді.
Айсұлу ханымның айтуынша, электрик өмірінде екі-ақ рет қателесетін көрінеді. Бірі – мамандық таңдағанда, екіншісі – токқа түскенде екен.
– Электр қуаты – көзге көрінбейтін күш болғандықтан, бұл мамандық ерекше сақтықты қажет етеді. Ешбір оқу орны дайын электрик-энергетикті дайындай алмайды. Нағыз маманды уақыттың өзі қалыпастырады. Көнгендері – көнді, көнбегендері уақыт оздырмай басқа мамандыққа қарай ауысып кетіп жатады. Негізінен энергетика – кез-келген қоғамның, сол қоғамда қарыштап дамып отырған экономиканың алтын өзегі. Сондықтан бұл сала мақтанып-марқаюға тұрарлық кәсіп, – дейді ол.
Қай кезде де жұмыстың табысты, жүйелі болуы кадрларға байланысты болған. Қазір де солай. Электр жөндеушілерінің қызметі қоғамға аса қажет болғанымен, жұмысы ауыр. Бұл ретте Айсұлу Өксікбайқызының айтуынша, өз ісіне берілгендер болмаса, бұрын бұл салаға жастар көп келмейтін еді дейді. Ал қазір компанияда жұмыс істейтін жастардың қатары көбейіпті. Солардың ішінде түрлі ауыр қызметтерді асқан абыроймен атқарып жүрген қыз-келіншектер де аз емес көрінеді.
– Біздің әйелдік түйсігіміз, аналық сезіміміз барлық мәселенің бүге-шігесін көріп тұрады, – дейді ол.
Сонымен қатар, Айсұлу ханымның айтуынша, қазіргі кезде өндірістің барлық саласын қамтыған техникалық прогресс энергетиканы да айналып өткен жоқ. Сондықтан электрик мамандығы күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені, электр энергиясы саласында күн сайын неше түрлі өзгерістер болып жатыр. Қаланың шекарасы кеңейген сайын тұтыну көлемі де айтарлықтай артып келеді. Бұрын жарық жиі сөніп, техникалық жағдай сын көтермейтін еді. Қазір бәрі өзгерді. Материалдық база жаңа құрылғыларымен жаңғыртылып, жұмыс сапасы да арта түскен.
Қазақтың қыз-келіншектері ең күрделі кезеңдерде өмірлік үрдіске қатысудан тартынбаған. Бүгінде қызметтің қай саласын алсақ та, қыз-келіншектер мен әйелдер табылып жатады. Әйелдер қауымын әдемі келбет-мүсініне, биязы мінезіне, жадыраған жарқын жүзіне қарап нәзік жанды деп айтасың. Ал өмірде, еңбек жолында сол нәзік жандылар тепсе темір үзетін апталы ерлермен үзеңгілес болып, түрлі ауыр қызметтерді асқан абыроймен атқарып келеді. Ендеше, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында энергетика саласында қызмет атқарып жүрген Айсұлу Өксікбайқызына және барлық әйелдер қауымына амандық пен өркендеу, зор денсаулық пен отбасы бақытын тілейміз!