ШЫМБҰЛАҚТЫҢ «ШЫРАҚШЫСЫ»

Жанкешті кәсіп саласында 30 жыл қызмет еткен Айсұлу ӘДІЛХАНОВА

img 7754

Мәншүк БЕКБОСЫН

Қарапайым еңбегімен күн сайын қоғам тынысына игілік дарытып жүретін, онысы әсте көзге түсіп, көпшілік көңіліне елене бермейтін мамандық иелері болады. Мәселен, энергетика саласы. Бұл – кез-келгеннің азуы бата бермейтін бірден-бір қызмет. Ал бұл салада  әйел адамның еңбек етуі, тіптен, ерлікпен пара-пар. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында энергетика саласында қызмет ететін нәзік жанды әйел  жайында әңгіме өрбітпекпіз. Ол – жарық сөнген кезде ғана еске алатын қаделі мамандықтың қадірін асырып жүрген жанның бірі – Айсұлу Өксікбайқызы.

 

ЖАРЫҚ СӨНГЕН КЕЗДЕ ҒАНА ЕСКЕ АЛАТЫН МАМАНДЫҚ

Энергетика саласы – уақытпен санаспайтын, асқан жауапкершілікті талап ететін, жүгі ауыр қызмет. Дегенмен, осы саланың жұмысын үздіксіз 30 жыл ұршықтай иіріп келе жатқан Айсұлу Әділханова «Алатау Жарық» компаниясына қарайтын «Медеу – 54 А» подстансасының ке­зек­ші электромонтері болып жұмыс істейді. Оның міндетіне жарықты тұрақты беру, апаттық ажырату­ларды болдырмау, электр тораптары мен жабдығындағы ақауларды дер кезінде диспетчерге хабарлау кіреді.

– Біздің подстанса «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» курортты базасы және «Самал» ықшамау­данына дейінгі аумақты жарықпен қамтамасыз етеді.   Бұл тыңғылық­ты­лық пен тәртіпті қажет ететін жауапты жұмыс. Күндіз-түні осы аумақтағы электр энергиясының үзілмеуін қадағалай­мыз. Апат болған жағдайда шұғыл диспетчерге хабар­лап, елеулі мәсе­лелерді шешуге дайын тұрамыз, – деп бастады әңгімесін біздің кейіпкер.

Айсұлу Өксікбайқызы бұл салада 1989 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алматы қаласының тумасы бол­ға­нымен, тұрмыс құрып, еңбек жолын Қостанайдағы «Қостанай Энерго орталығында» бақылаушы (жарық тексеретін маман) болып бастайды. Кейіннен есептеуіш құралын ауыстыратын монтер болып қызмет етеді. 2005 жылдың қараша айында Алматыға ауысып келеді. Жалпы, энергетика қызметінің қатарына түскен соң, бұл қызмет оның тағ­дыры екендігін түсінеді.  Сосын ғұмыр бойы осы салада нәпақасын тауып, тұрақтап қалатынын сезген ол,  мамандық ауыстыру немесе өзге кәсіп іздеу ойына кіріп-шықпағанын айтады.

Оның айтуынша, бүгінде толық­қанды тұрмыс-тіршілік пен кәсіп­орын-мекемелердің қалыпты қыз­метін жарықсыз елестету мүмкін емес. Тіпті, тәулікті қойып, оның бірер сағат болмай қалуының өзі «оқыс оқиға» саналады, төтенше жағдай ретінде қабылданады екен.

– «Медеу» мұз айдыны, «Шым­бұлақ» тау-шаңғы курортты – біздің ұлттық мақтанышымыз. Алматыға өзге қалаларға қарағанда, туристер көп келетіні белгілі. Тау бөктерінде орналасқан, әлемдік деңгейдегі ку­рортқа түрлі мемлекеттердің саяхат­шылары келеді. Бұл жерде электр жарығы үздіксіз беріліп тұру керек, – дейді Айсұлу ханым.

Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын біздің кейіпкер оның бұл подстансаны бір күнге тұрмақ, жар­ты күнге тастап кетуге болмайтынын айтады. Өйткені, бір жерде ток қыс­қа тұйықталып қалып,  ал кезекші электромонтер орнында болмай қалса, қаншама адам зардап шегуі мүмкін екен.

– Қазіргі заманда адамның бір күнін, тіпті, бір сәтін электр қуа­тын­сыз елестету мүмкін емес. Мә­селен, дәл қазір жарық өшіп қалған жағ­дай­да, ауруханада ота жасалып жат­қан науқастың өміріне қауіп төнуі немесе кез-келген өндіріс орнында жұмыстың тоқтап қалуы бек мүмкін, – дейді ол.

Демек, энергетика жұмысының маңыздылығына баға жетпейді. Олардың еңбектерінің арқасында тұрғындардың үйлері жайлы да жарық, ұйымдар мен мекемелер қа­лыпты қызмет етеді, әрбір тұ­тынушыға қажетті жарық беріледі.

img 7733

ЭЛЕКТР ҚУАТЫ – КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН КҮШ

Айсұлу ханымның жұмыс күні таңғы сегізде подстансадағы құрыл­ғылардың жұмысын тексеріп, орта­лық диспетчерге  хабарлаудан бас­талады.

– Ертең  қандай киім киемін деген сұрақ мазаламайды мені. Өзімнің күнделікті формамды киемін, – деген Айсұлу апай, – біздің қызметте киім­нің сұлуынан жылуына, ыңғайлы­лы­ғына баса мән беріледі. Жүрдім-бар­дым қарауға болмайды. Сондық­тан касканы да басымыздан таста­май­мыз. Резеңке қолғап киюге де мін­деттіміз. Егер таразыға әдемілік пен қауіп­сіздікті қатар қойсақ, был­ғары қол­ғаптан гөрі резеңке қол­ғапты таң­даймын, – деп жылы күлді ол.

– Бұл салада қызмет ету өзіме ұнай­ды. Сондықтан болар, жұмысың көңіліне жақса, оның ауыртпалығын сезбейсің деп жатады. Менің бұл салада үздіксіз қызмет етуіме отба­сымның, жолдасым және балала­рым­ның жан-жақты қолдаулары­ның, олардың менің қызметімнің уақыт­пен санаспайтындығына тү­сіну­шілікпен қарауының арқасы деп білемін, – дейді Айсұлу ханым.

Айта кету керек, Айсұлу Әділ­ханованың жұбайы Сағат аға да энергетика саласының үздік маманы. Бүгінде олардың Алмат және Азамат есімді ұлдары  ата-ана жолын қуып, «Алатау Жарық» компа­ниясында табысты еңбек етіп келеді.

Айсұлу ханымның айтуынша, электрик өмірінде екі-ақ рет қате­лесетін көрінеді. Бірі – мамандық таңдағанда, екіншісі – токқа түс­кенде екен.

– Электр қуаты – көзге көрін­бей­тін күш болғандықтан, бұл ма­мандық ерекше сақтықты қажет етеді. Ешбір оқу орны дайын элект­рик-энергетикті дайындай алмайды. Нағыз маманды уақыттың өзі қалыпастырады. Көн­гендері – көнді, көнбегендері уақыт оздырмай басқа мамандыққа қарай ауысып кетіп жатады. Негізінен энергетика – кез-келген қоғамның, сол қоғамда қа­рыштап дамып отырған эконо­миканың алтын өзегі. Сон­дықтан бұл сала  мақтанып-марқаюға тұрарлық кәсіп, – дейді ол.

Қай кезде де жұмыстың табысты, жүйелі болуы кадрларға байланысты болған. Қазір де солай. Электр жөндеушілерінің қызметі қоғамға аса қажет болғанымен, жұмысы ауыр. Бұл ретте Айсұлу Өксікбайқызының айтуынша, өз ісіне берілгендер бол­маса, бұрын бұл салаға жастар көп келмейтін еді дейді. Ал қазір ком­панияда жұмыс істейтін жастардың қатары көбейіпті. Солардың ішінде түрлі ауыр қызметтерді асқан абы­роймен атқарып жүрген қыз-келіншектер де аз емес көрінеді.

– Біздің әйелдік түйсігіміз, аналық сезіміміз барлық мәселенің бүге-шігесін көріп тұрады, – дейді ол.

Сонымен қатар, Айсұлу ханым­ның айтуынша, қазіргі кезде өн­дірістің барлық саласын қамтыған техникалық прогресс энергетиканы да айналып өткен жоқ. Сондықтан электрик мамандығы күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені, электр энергиясы саласында күн сайын неше түрлі өзгерістер болып жатыр. Қала­ның шекарасы кеңейген сайын  тұ­тыну көлемі де айтарлықтай артып ке­леді. Бұрын жарық жиі сөніп, техникалық жағдай сын көтермейтін еді. Қазір бәрі өзгерді. Материалдық база жаңа құрылғыларымен жаң­ғыртылып, жұмыс сапасы да арта түскен.

Қазақтың қыз-келіншектері ең күрделі кезеңдерде өмірлік үрдіске қатысудан тартынбаған. Бүгінде қызметтің қай саласын алсақ та, қыз-келіншектер мен әйелдер табылып жатады. Әйелдер қауымын әдемі келбет-мүсініне, биязы мінезіне, жадыраған жарқын жүзіне қарап нәзік жанды деп айтасың. Ал өмірде, еңбек жолында сол нәзік жандылар тепсе темір үзетін апталы ерлермен үзеңгілес болып, түрлі ауыр қыз­мет­терді асқан абыроймен атқарып ке­леді. Ендеше, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында энергетика сала­сында қызмет атқарып жүрген Ай­сұлу Өксікбайқызына және  барлық әйелдер қауымына амандық пен өркендеу, зор денсаулық пен отбасы бақытын тілейміз!

almaty-akshamy.kz

ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

img 3639

Елбасы Н.Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осыған орай, Алматы қаласы мен облысының 2,5 миллионнан астам тұрғынын электрэнергиямен қамтамасыз етіп отырған «Алатау Жарық» компаниясы мекемесінде жастарға арналған  орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Орталықтың ашылуына аталған мекеменің басшысы Мұхит Үмбетов ұйтқы болған. Жастардың еңбек жолында шыңдалуына мүмкіндіктер жасап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге ерекше мән беретін білікті басшы қазіргі жастар білімді, еңбекқор, талантты деп есептейді. Оның үстіне мекемедегі қызметкерлердің 75 пайызын жастар құрайды екен. 

Бұл клуб мәдени, кәсіби дамыту бағыт­тары, сондай-ақ, әлеуметтік бағыт, сала­матты өмір салтын, спортты дамыту бағыт­тарын қамтиды.

–       Жастар барлық салада бар және олар өз саласының негізгі күші, ертеңгі тұт­қа­ұстарлар. Бір қуанарлығы – жастар белсен­ді, ой-сана ауқымы кең және білімді. Олардың бойындағы буырқанған күш тек бір бағытқа – күнделікті жұмысты атқаруға ғана емес, елді, Отанды дамытуға үлес қосуға, жаңаша ойлап, заманауи бастама­лар көтеруге де негізделуі тиіс, – дейді «Алатау Жарық» компаниясының басшы­сы Мұхит Үмбетов.

img 3818

Сонымен қатар, мекемеде жас буын мен аға буынның тұрақты байланысын ұстап тұруға үлкен көңіл бөлінеді екен. Мекеме бас­шысының айтуынша, екі ұрпақ сабақ­тас­ты­ғының байланысын нығайту, әсіресе, жас­тардың өміріне дұрыс бағыт-бағдар бермек.

– Мұның ар жағында қоғам­дық сананың қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндеттер жатыр. Үлкен­дердің өмірлік тәжі­рибесі – жас мамандар үшін маңызды сабақ, – дейді ол.

Еліміздің болашағы – жастар. Қазір елімізде жастардың талантын шыңдауына барлық жағдай жасалған. Ал энергетика саласының маманы болу әркез жауапкер­шілікті, үлкен қажыр-қайрат пен біліктілік­ті талап етеді. Ендігі мақсат – өз салаңның кәсіби маманы атанып, мемлекет пен халық мүддесі үшін пайдалы қызмет ету.

Сонымен қатар, компания жастары жыл сайын өтетін әр түрлі респбуликалық сайыстарда мекеменің мәртебесін барынша асқақтатып, намысты қолдан бермей келетін көрінеді. Бұл ретте алдағы компа­ния қызметкерлері арасында  шахмат, дойбы сынды ойын түрлерінен жарыс өткізу жоспарда бар.

 

Гүлмира ҚОШАЕВА ,

Ақниет АМАНХАН.

almaty-akshamy.kz

АЛМАТЫ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

img 7625

Өткен аптада «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Алматыдағы еншілес кәсіпорны – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ журналистерге арнайы пресс-тур ұйымдастырып, «Ерменсай» қосалқы стансасына апарды. Алатау бөктеріндегі «Ерменсай» қосалқы стансасы  Алматының оңтүстігін жарықпен қамтамасыз етіп отырған еліміздегі ең заманауи стансаның бірі деп айтуға болады. Батыс Еуропадан әкелінген электр жабдықтары қай жағынан алсаң да тиімді. Бүгінде жүктемесі қосалқы станса-220/110/10 кВ болатын №131А «Таулы қырат» қосалқы стансасынан қосалқы станса-220/110/10-10 кВ №160А «Ерменсай» қосалқы стансасына ауыстыру жұмыстары толығымен аяқталыпты. Айта кету керек,  «Таулы қырат» торабы 1986 жылдан бері жұмыс істеп келген.

Мәншүк БЕКБОСЫН

«Таулы қырат» қосалқы стансасы орна­ласқан аумақта лай көшкіні болған жағ­дайда, оның қирау қаупі басым болған­дықтан, жаңа орынға ауыстырылды. Қала­ның Бостандық ауданы аумағы жарықсыз қалмау үшін апатты жағдайларды болдыр­мау мақсатында жүктемені «Таулы қырат­тан» «Ерменсай» қосалқы стансасы­на ауыс­тыру туралы шешім сол үшін қабыл­даныпты.

img 7648

–       Оған Алматы әкімдігі, «Самұрық-Казына», «Самұрық-Энерго» АҚ қаржы-қаражат жұмсады. Жалпы, 2011 жылы «Ермен­сай» қосалқы стансасының құрылы­сы Алматыда Қысқы Азиада–2011 ойын­дары өткізілуіне орай іске асырылған бола­тын. Өйткені, «Таулы қырат» стансасы аумағында «Сұңқар» трамплин спорт кеше­ні орналасқан. Жүктемелерді жаңа орынға ауыстыру жобасы өткен жылы аяқ­талды. Ал пайдалануға жарамсыз «Таулы қырат» қосалқы стансасы толығымен жойыл­мақ, – дейді  «Алатау Жарық компа­ниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов.

–       «Таулы қыраттағы» бар жүктемені қазір «Ерменсайға» көшірдік. Бұл станса Алматының 30 пайызын  жарықпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұдан  былай «Самал», «Қазақфильм», «Бағанашыл», «Таугүл» ықшамаудандарының тұтынушы­лары токты осы стансадан алады. Соңғы 12 жылда 33 подстанция жаңартылып салын­ғанмен, оның бәрі қаланы ток жүктемесінен толықтай құтқара алмайды. Алдағы уақытта «АХБК» және «Көкөзек» қосалқы стансаларының құрылысы басталып, Алматының Алатау, Жетісу сынды барлығы бес ауданның желілерін жаңарту жоспар­ланып отыр, – дейді «Самұрық-Энерго» АҚ басқарушы директоры Серік Тютебаев.

Бұдан өзге, Мұхит Үмбетовтің айтуын­ша, өткен жылы Алматының Түрксіб ауданында жабық пішіндегі жаңа қосалқы станса іске қосылыпты. Су жаңа нысан Алматы қаласын электрмен орнықты жабдықтау бағдарламасын толықтай іске асыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Жас қанат» қосалқы стансасы тран­сформаторлық қуатты 30 МВА-ға арттыр­ды. Бұл нысан Түрксіб ауданының орталық бөлігін, сондай-ақ «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған «Жас қанат» жаңа ықшамауданын, «Алматы агломерациясының 2030 жылға дейінгі өңіраралық схемасы» бағдарламасы бойын­ша қалаға қосылған «Қайрат» шағынауда­нының негізгі бөлігін электрмен қамтама­сыз етпек, – дейді  «Алатау Жарық компа­ниясы» АҚ басқармасының төрағасы.

 

almaty-akshamy.kz

МҰХИТ ҮМБЕТОВ, «АЛАТАУ ЖАРЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: «АДАМНЫҢ БІР КҮНІН, ТІПТІ БІР СӘТІН ЭЛЕКТР ҚУАТЫНСЫЗ ЕЛЕСТЕТУ МҮМКІН ЕМЕС»

29192 212 elektr uatynan tapsh ru 640x405

Бүгінде адамзаттың электр қуатына деген тәуелділігі уақыт өткен сайын артпаса, еш кеміген емес. Тіршіліктің барлығы ток көздерімен байланысты болғандықтан болар, бүгінде электрсіз бір минутты да көзге елестету қиын. Оның үстіне бүгінгі экономика да электр энергиясына тәуелді. Ел экономикасының тамырына қан жүгіртіп, бойына нәр, тәніне қайрат беретін бірден-бір сала – осы энергетика. Электр қуаты болмаған жерде даму жоқ. Демек, өркениетке қосылғысы келетін мемлекет алдымен қуат көздерін реттеп алғаны жөн.

Өңір халқын жарықтан тарық­тырмау оңай шаруа емес

– Мұхит Әбікенұлы, өзіңіз басшылық ететін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның қызметі жайында айтып берсеңіз? 

– «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ – Алматы қаласы мен Алматы облысының 2,5 миллионнан астам тұрғынын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге және ауыл шаруашылығы қожалықтарына қуат көзін жеткізумен, таратумен айналысатын рес­пуб­лика оңтүстігіндегі ең ірі энергетикалық жүйе. Сонымен қатар, «АЖК» АҚ Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйе­сіндегі Өзбекстан, Қырғызстан, Түркімен­стан сияқты көршілес елдердегі электр қуаты саласындағы алпауыт компания­лардың сенімді серіктесі. Осы нарықта жетекші компания болып отырғанының өзі мекеменің электр қуаты сапалы және бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Жалпы, компанияның электр тасымалдаушы желісінің ұзындығы 29 мың шақырымнан асады. Ал трансформаторлы қосалқы стансалардың саны жеті мыңға жуықтайды.

–    «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның еліміздегі ең ірі энергетикалық компа­ния ретінде қомақты жетістіктері де бар болар?

–    Жалпы, өңір халқын жарықтан тарық­тырмау оңай шаруа емес. Жауапкер­шілік пен  тәулік бойы тынымсыз жұмысты қажет етеді. Өткен жылы бірқатар ауқымды шаруалар атқарылды.  Алматының Түрксіб ауданында жабық пішіндегі жаңа қосалқы станса іске қосылды. Оның ерекшелігі, Алматы қаласын электрмен қамтамасыз ету белдеуін толықтай іске асыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Жас қанат» қосалқы стансасы Түрксіб ауданының  «Жас қанат»  және «Қайрат» шағын­аудандарын тұрақты және сапалы электрмен қамтып отыр. Айта кетейік, қала тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында  Алматы әкімдігі және «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ тікелей  атсалысуымен 1986 жылдан бері жұмыс істеп келген «Таулы қырат» торабын, аумақта лай көш­кіні болған жағдайда, оның қирау қауіпі басым болғандықтан, оны жаңа «Ермен­сай» 220/110/10-10 кВ №160А қосалқы стансасына ауыстыру туралы шешім қабыл­данған болатын. Қазіргі таңда «Ер­менсай» қосал­қы стансасына жүктемені ауыстыру жұмыстары толығымен аяқталды.

– Білуімізше, электр қуатын жеткізуде желілерді бағанамен қатар жер астымен де жүргізу әдісі қолданылады.  Мұның ерекшелігі неде?

– Әуе желісіне қарағанда, жер астымен жететін электр жүйесі ауа райында жиі кездесетін табиғаттың түрлі тосын мінезінің зардабына ұшырамайды. Мәселен, дауыл кезінде немесе қатты нөсерде әуедегі желілер апатқа жиі тап болады. Ал жерасты жүйесі тұрақты әрі сапалы жұмыс істеумен қатар, ұзақ мерзімге шыдас береді. Әрине, оның құрылыс құны қымбатқа түседі. Де­генмен, эксплуатациялық шығыны төмен әрі техникалық ақауға да аз түседі. Электр қуатының жерасты жүйесіне броньдалған желілерді пайдаланған дұрыс. Өйткені, оның сыртқы металды қаптамалары химия­лық әсерге төтеп бере алады, тапталуға ұшы­рамайды. Егер сырты қапталмаған желі төселетін болса, арнайы технология­лық қорғаныс жүйелері қолданылады.

«ЭЛЕКТР ҚУАТЫНА ДЕГЕН СҰРАНЫС ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА АРТЫП КЕЛЕДІ»

–    Мұхит Әбікенұлы, бүгінде тұтыну­шы­лардың электр қуатына қосылу тәртібі біршама жеңілдетілген көрінеді.

–    Дұрыс айтасыз. Жалпы, Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қата­рына қосылуды мақсат етіп отыр. Бұл мақ­сатты орындау үшін көп жұмыс атқары­луда.

Бүгінгі таңда, Дүниежүзілік банктің жүргізіп жатқан «Doіng Busіness» рейтин­гісінде электрмен жабдықтау жүйелеріне қосылу индикаторы бойынша Қазақстан жақсы жетістіктер көрсетуде. Ол дегеніміз, бизнестің алға басуы мен сапасын артты­руға ықпал етеді.  Кәсіпкерлер өз бизнесін ашқанда сапалы электр энергиясына тез әрі оңай қосыла алады. Бұл ретте кәсіп­керлер ғана емес, барлық тұтынушыларға тиісті жағдай жасалып келеді. Электрмен жаб­дықтау желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды беру, энергия таратушы ұйымдар мен тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу, энергиямен жабдықтаушы ұйым мен электрмен жаб­дықтауға арналған шарт жасасу мерзімдері айтарлықтай қысқарды.

Мәселен, тұтынушылар енді техника­лық шарттарды он төрт күнде емес, бес күн ішінде алатын болды. Сонымен, біздің компанияда техникалық шартты дайындау толық цифрландырылды деуге болады.

«Алатау Жарық Компаниясының» басты мақсаты – Дүниежүзілік банктің «Doіng Busіness» рейтингінде жоғары нәтиже көрсетіп, тұтынушылардың біздің желілерге қосылуын тез әрі сапалы орындау болып табылатынын өздеріңіз де жақсы білесіздер.

Тұтынушы­ларды электр энергиясымен қамтамасыз етуде қағазбастылық үдерісін айтарлықтай қысқартып келеміз. Осы жұмыстардың бәрі заманға сай ақпараттық технологияларды жан-жақты және үйле­сімді пайдаланудың арқасында жүзеге асып отыр.

–    Сонда болашақта цифрлы техно­логияны шаруашылық жүйесіне енгізу өте маңызды демекшісіз ғой?

–    Әрине, қазіргі уақытта заманауи ақпараттық технологиялардың мүмкіндігі зор. Қай салада болмасын, бұл технология жұмысты жеңілдетуге бірден-бір ықпал етіп отыр. Қазір жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшті. Осы тұрғыда біздің ком­пания да  «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масын  қолға  алды.

Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушыға электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды онлайн тәртібінде ғаламтор арқылы алуға мүмкіндік бар. Ол үшін тұтынушының электронды цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Яғни әрбір тұты­нушы үйден шықпай-ақ өз өтінішін ғалам­тор арқылы жолдап, қысқа уақыт ішінде техникалық шарт алуына болады.  Өткен жылы аталған жүйені тұтынушылары­мыздың 60 пайызы пайдаланыпты.  Соны­мен қатар, бұл туралы толық ақпаратты  www.azhk.kz сайтынан біле аласыз.

–    Алматыда электр энергиясын ком­мер­циялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Мұның артықшылығы неде?

–    Қазіргі таңда «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тұтынушыларды  электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесімен жабдықтап жатыр. Жаңа жүйе бізге әр есептеуіштегі көрсеткішті білуге мүмкіндік береді. Заманауи электр жүйесінде бәрі бірыңғай болуы шарт. Сол үшін біз электр желілері мен есептеуіштерді, трансформаторларды жаңалап, қосалқы стансаларды заманға лайықтап салып жатырмыз. Бұл жүйе электр қуатын есептеудің нақтылығын арт­тырып, шығындарды төмендетуге мүм­кіндік береді. Ең бастысы, бұл компания қызмет­керінің электр қуатын тұтыну бойынша нақты мәлімет алуын қамтамасыз етеді.  Қазір бұрынғыдай емес, электр қуа­тын ұрлау азайды десек те болады. Соған қара­мастан, электр қуатын тұтынушыға жеткі­зуде артық ысырапты да болдырмау жолында жүйелі жұмыс жасаудамыз.

«МЕКЕМЕДЕ жігерлі, іскер ЖАСТАР АЗ ЕМЕС»

–    Жоғарыда аталған қыруар шаруа­ларды атқару үшін білікті мамандар қажет екені белгілі және олардың кәсіби шыңда­луына қандай жағдай жасалуда?

–    Әрине,  кәсіби шеберлікті шыңдау қай мамандықта болмасын аса қажет. Біз де мамандардың біліктілігін арттырып, өз ісінің хас шебері атануына үнемі көңіл бөліп отырамыз. Айта кетерлік жәйт, компания маман­дарынан  құрылған команда ТМД елдерінде ұйымдастырылып отыратын кәсіби жарыстарға жиі қатысады. Нәти­жесінде «АЖК» АҚ командасы ТМД елде­рінің ішіндегі ең мықты командалар тобы­ның құрамына енді. Сондай-ақ, электр желілерін жедел жөндеу қызметкерлерінің республикалық кәсіби сайыстарында бірінші орын иеленсе, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының V мерейтойлық спартакиадасының жеңімпазы атанды.

Компанияның оқу-жаттығу орталы­ғында кәсіби шеберлікті арттыру мақса­тында жыл сайын дәстүрлі түрде жарыстар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, маманда­рымыз техникалық қауіпсіздікке байла­нысты үнемі емтихан тапсырып отырады.

–    Кез-келген қоғамның қозғаушы күші һәм келешегі, елдің тұрақты дамуының кепілі – жастар. Бұл ретте Мемлекет басшы­сының 2019 жылды  Жастар жылы деп жариялауы бекер емес. Осы орайда, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жас мамандарды қолдау мақсатында қандай шараларды жүзеге асырып жатыр?

–    Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Қазіргі жастар білімді, еңбекқор, талантты. Елбасының бұл бастамасы жалынды жастарға ерекше жігер сыйлай­тыны анық. Біздің мекемеде ізімізді басып келе жатқан жігерлі, іскер жастарымыз да аз емес. Солардың ішінде басшылық қызметте жүр­гендері де бар. Сонымен қатар, мекемеде жас пен аға буынның тұрақты байланысын ұстап тұруға көңіл бөлінеді. Екі ұрпақ сабақтастығының байланысын нығайту, әсіресе, жастардың өміріне дұрыс бағыт-бағдар беретіні сөзсіз. Мұның ар жағында қоғамдық сананың қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндеттер жатыр. Үлкендердің өмірлік тәжірибесі – жас мамандар үшін маңызды сабақ.

Энергетика саласының маманы болу әркез жауапкершілікті, үлкен қажыр-қайрат пен біліктілікті талап етеді. Қазір еңбек демалысындағы ардагерлердің осы салада жиғаны өте көп. Кейінгі буынға берері мол болғандықтан, әркез көрген-білгені мен түйгенін жастармен бөлісуге даяр тұрады. Сондықтан олардың бай тәжі­рибесін орнымен пайдалансақ, ұтылмай­тынымыз анық.

–    Бүгінгі жетістік ертеңге өлшем емес деп жатамыз.  Компанияның алдағы жылға қандай жоспарлары бар?

–    Жылдан-жылға электр қуатына деген сұраныс артып келеді. Осы жылдың бірінші маусымының қорытындысы бо­йынша, былтырғы жылмен салыстырғанда тұтынушылық қызмет біршама артып отыр.

Бұл осы жылдың аяғына дейін биылғы көрсеткіш одан да жоғары болады деген сөз. Демек, біз нарықта өз орнымызды одан әрі кеңейтіп, халықты тиісті жарықпен қамта­масыз ету қызметін одан әрі абыроймен жалғастыра береміз. Біздің міндетіміз – ел үмітін ақтау, оларға қолайсыздық тудыр­мау. Оның бәрі техникалық, экономи­калық жағдайларға байланысты.   Сондық­тан алдағы міндеттерді жоғары дәрежеде орындаймыз деп сенемін.

–    Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –

Мәншүк БЕКБОСЫН.

almaty-akshamy.kz

Міндетіміз – сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету

«Егемен Қазақстан» газетіне «АЖК» АҚ Басқарма Төрағасы Мұхит Умбетовтың  сұқбаты 

Алматы және Алматы облысындағы 2,5 миллион тұрғынды, яғни 102 382 шаршы шақырым аумақты жарықпен қамтамасыз етіп отырған ірі мекеме – «Алатау жарық компаниясының» жұмысы жылдан жылға күрделеніп келеді. Қаланың өсуімен, халық санының көбеюі жарық тасымалдаушы компанияның жауапкершілігін арттырды.

Подробнее...

FaLang translation system by Faboba