Жұмысы жүйеге қойылған ком­панияда жұмысшылар үшін барлық әлеуметтік жағдай жасалып, кәсіп­одақ ұйымы жұмыс жасайды. Ком­пания мемлекеттік даму бағдарла­маларына атсалысып, мемлекеттік мерекелерді атап өтіп, ардагер-энерге­тиктерді, ҰОС қатысушылары мен майдан тылында еңбек еткен энергетиктерді қамқорлыққа алған. Компанияда энергетик мамандар мен жұмысшылардың кәсіби біліктілігін анықтайтын сайыстар өткізіліп тұрады. Солардың бірі – жылыту мау­сымының аяқталуына байланысты өткізі­летін аудандық электр желілері арасындағы жарыс­тар.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ 24-26 мамыр аралығында ПС 35 кВ қос­ал­қы­  стансаларының бөлу құрылғыларын жөндеу бойынша аудандық электр желілері арасында кәсіби біліктілік жарыстарын өткізді.

Жарыстар АЖК-ның «Бәйтерек» ауы­лындағы кәсіби сынақ полигонында өтіп, 11 бригада қатысты. Жеті кезеңнен тұрған сайыстың мақсаты – маман­дардың кәсіби біліктілігін арттыру, ПС 35 кВ қосалқы стансаларын пайдалану деңгейін көтеру, қосалқыстансаларда жұмыс жасағанда жарақат алуды азайту, т.б.

Алматы облысының әр аудандарынан, қосалқы  стансаларды басқару орталығы­нан қатысқан бригадалар жарыста кәсібилік­терін көрсетіп, тартысты сайыстар өткізді. АЖК АҚ басқармасы тағайын­даған қазы­лар алқасы жеңімпаздарды анықтады: 1-орын – қосалқы  стансалар басқармасы, 2-орын – Қарасай аудандық электр желілері (РЭС), 3-орын – Өтеген батыр аудандық электр желілері (РЭС). Жүлдегерлерге медальдар, ақшалай және бағалы сый­лықтар берілді. АЖК АҚ басқарма төр­ағасы Мұхит Әбікенұлы Үмбетов кәсіби біліктілік жарыстарының жеңімпаздарын өзі марапаттады.

– «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның электрик мамандары бірнеше жыл қатарынан энергетиктердің республикалық жарыстарында жеңімпаз атанды. Қазақстан энергетиктерінің кәсіби біліктілік сайыстары 2016 жылы Алматыда өтіп, АЖК командасы тағы да жеңімпаз атанды. Нәтижесінде, біздің мамандар Ресейдің Пенза қаласында өтетін ТМД елдері арасындағы энергетиктер жарысында Қазақстан намысын қорғайтын болады. АЖК АҚ жеңістері ҚР Энергетиктер қауымдастығының қолдауы арқасында болып отырғанын айта кету керек. Жуырда қауымдастық төрағасы Жомарт Елеуұлы Көшербаевтың бастамасымен біздің энергетиктер ТМД жарыстары өтетін Пенза қаласына барып қайтты, – дейді АЖК АҚ басқарма төрағасы М.Үмбетов.

Энергетика – мемлекеттің дамуы жолындағы өндірістің, тұрмыстың күре­тамыры. Осы күретамырдың үздіксіз соғуы үшін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары тынымсыз жұмыс жасауда.

Нұрлан СҮЙІН, almaty-akshamy.kz

FaLang translation system by Faboba