АЛМАТЫ АҚШАМЫ

№151-152 (5345)

24.12.2016

 

Халықты жарықпен үздіксіз қамтамасыз етуде ерен еңбек сіңіргендер арнайы алғыс хаттармен марапатталды

Серік ЖҰМАБАЕВ

«Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның ұйымдастыруымен Алматы энергетика және байланыс университетінде энергетиктердің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Оған аталмыш университеттің оқытушы-профессорлық құрамы, энергетика саласының ардагерлері, компания мамандары, студенттер қатысты.

Мерекелік жиын барысында үздіктердің үздігі – энергетика саласының мамандары мен еңбек сіңірген қызметкерлеріне, саланың бастау алған сәтінде тынымсыз еңбектерімен оның дамуына зор үлес қосқан ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Олар «Құрметті энергетик» төсбелгісімен, арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

«Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Мұхит Үмбетовтің айтуын­ша, негізі, Энергетиктер күні Ресейде, Украинада, Арменияда, Беларусьте, Қырғызстанда және біздің елімізде бір күнде атап өтіледі екен. Өйткені, бұл кәсіби мереке 1920 жылы КСРО кезінде пайда болған. Сол жылы Ресейді электрлендірудің мемлекеттік жоспары қабылданған көрінеді. Яғни, бұл мереке содан бері Кеңес одағының аумағы бойынша атап өтіліп келеді.

Айта кетейік, «Алатау Жарық компаниясы» АҚ – Алматы қаласы мен облы­сының 2,5 миллионнан астам тұрғынын жарықпен қамтып отырған, сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге және ауыл шаруашылығы қожалықтарына электр қуатын жеткізумен, таратумен айналысатын республика оңтүстігіндегі ең ірі энергетикалық кәсіпорын. Бұл компания биылғы жылды табысты аяқтап отыр. Компания басшысы Мұхит Әбікенұлы 2016 жылдың кәсіпорын үшін жемісті болғанын жеткізді.

– Қазіргі таңда біздің компанияға қарасты әрбір нысан, яғни, электр беру орталықтары мен қосалқы стансалардың барлығы толық жөндеуден өткізілді. Қысқа сақадай-сай отырмыз. Тіпті, Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінен дайындыққа қатысты төлқұжатты уақытында алдық. Ерекше айта кету керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет пен Алматы қаласының әкімдігі қолдауының нәтижесінде №131А «Горный Гигант» (Таулы Қырат) қосалқы стансасының 220/110/10 киловаттық жүктемесін, дәл осындай көлемде жүктемесі бар №160А «Ерменсай» қосалқы стансасына көшу жобасын қаржыландыру оң шешімін тауып отыр. Алматы қаласы үшін аса маңызды бұл жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 6 миллиард 700 миллион теңге бөлінді, – дейді «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы М.Үмбетов.

 

Компания мамандары осы жылға белгіленген бірқатар іргелі жобаларды өз мерзімінде жүзеге асыру мақсатында асқан ұйымшылдықпен жұмыс жасаған. Сондай ірі энергетикалық жобаның арасында 110/10/6 киловаттық «Түрксіб» қосалқы стансасын салу жоспарланған. Оның құрылысы 2017 жылдың екінші тоқсанына дейін бітіп, толық пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек компания электр қуатын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуге үлкен күш салып отыр. Бұл жүйеге қазірдің өзінде 130 мың тұтынушы қосылған. Жоба электр қуатын есептеудің нақ­тылығын арттырып, шығындарды төмендетуге, сондай-ақ, есептегіш құралдарындағы көрсеткіштерді жазатын бақылаушыларды қысқартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл компания қызметкерінің электр қуатын тұтыну бойынша нақты мәлімет алуын қамтамасыз етеді.

Онымен қоса, компания Алматы энергетика және байланыс университетімен әріптестік ынтымақтастықты бұрыннан бері нығайтып келеді екен. Бүгінге дейін аталмыш университетті бітірген 500-ге тарта түлек «Алатау Жарық компаниясында» жұмыс істейді, оның ішінде 170-і басшылық лауазымдарда қызмет етеді.

Қазіргі күні Алматы қаласы 2017 жылы өткізілетін Қысқы Универсиадаға жан-жақты дайындалуда. «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның мамандары «Универсиада-2017» сайысына байланысты жаңадан салынған спорт және әлеуметтік мәдени нысандарды үздіксіз әрі сапалы электр қуатымен толық қамтамасыз етуде. «Дегенмен, алда жоспар көп, жұмыс бастан асады. Мұның бәрін жүзеге асыру үшін тынымсыз еңбек етуіміз керек. Дейтұрсақ та, мен бүгін әріптестерімді кәсіби мерекесімен – Энергетиктер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Оның үстіне, бүгінгі мереке Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Энергетика саласының мамандарына зор денсаулық және алдағы жоспарларды іске асыруда толағай табыстар тілеймін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құтты болсын!» – деді Мұхит Әбікенұлы.

Қалай десек те, бүгінгі таңда әлемді жарықсыз елестету мүмкін еместігі баршаңызға аян. Энергетиктер жұмысының маңыздылығына баға жетпейді, олардың еңбектері арқасында тұрғындардың үйлері жайлы да жарық, ұйымдар мен мекемелер қалыпты қызмет етіп келеді. Тіпті, әлемдегі өркениетті дамудың негіздері: компьютер, ғарыш зымыраны, радио мен теледидар, мобильді телефон, жарық пен жылу, мұздатқыш, ақылды тұрмыс­тық және өндірістік техника – бәрі-бәрі электр энергиясынсыз жұмыс істемейді. Сондықтан жұртшылықты жарықпен жарылқап отырған энергетиктердің еліміз үшін орны ерекше екендігін атап өтуіміз керек. Оның үстіне, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы «Болашақтың энергиясына» арналып отыр. Бұл – мемлекетімізде осы саланың кеңінен дамуына бастайтын бірден-бір жол болмақ. Сондықтан энергетиктердің асар асуы әлі алда. Біз де энергетиктерді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!

FaLang translation system by Faboba