Алматы аймағын электр қуатымен қамту мақсатында шаһар басшылығымен бірлесіп жасаған бағдарламаға сәйкес, бүгінгі таңда Алматы шаһары мен қала маңы толықтай электр қуатын пайдаланып отыр. Соңғы бес жылда 29 шағын станса салынып, қайта жабдықталды. Алып шаһарды айнала қоршалған электр желісі тұйықталды. Жалпы, «АЖК» АҚ-та Қазақстанға ғана емес, ТМД-ға танымал мамандар жұмыс істейді. Компа­нияда – 2 «Құрмет» орденінің, 1 – «Ерен еңбегі үшін», 7 – «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдарының иегерлері, 12 – «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі», 22 – «Қазақстан энергетиктер ассоциациясының (ҚЭА) еңбек сіңірген энергетигі» бар. 39 адам «ҚЭА құрметті энергетигі», 68 – «ҚЭА ардагері», 2 адам «KAZENERGY» ассоциациясының медалін, 4 адам Құрмет грамотасын алған. «Самұрық-Қазына» ҰЭҚ Құрмет грамотасын 4 адам, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасын 9 адам алған.

«Есентай» қосалқы стансасын ашқан кезде шаһар басшысы А.Есімов қаладағы қосалқы стансалардың ашылуымен Алматы толықтай электр қуатымен қамтылып отырғанын айта келіп, былай деген еді:

– «Есентай» – Алматы қаласын электр қуатымен қамтамасыз ету бағдарламасына сәйкес салынған кезекті нысан. Алматыға электр қуатын таратушы «АЖК» компаниясының қолға алған 29-қосалқы стансасы «Есентай» бір жылда игеріліп, қаланың энергиялық мүмкіндігін арттырып отыр. 2 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы толықтай игеріліп, жаңа қосалқы станса іске қосылды. «Есентай» қосалқы стансасы Алматы қаласы әкімдігі, Ұлттық банк, Орталық стадион, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы, тұрғын үй кешен­дері, т.б. нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ететін болады.

Естеріңізде болса, осыдан 5-6 жыл бұрын Алматыны электр қуатымен қамту бағ­дарламасына сәйкес шаһардың энергиякартасы жасалып, онда іске қосылуы керек энергонысандар қызыл түспен, жұмыс істеп тұрғандары жасыл түспен белгіленген болатын. Сол кезде картамыз толықтай дерлік қызыл болатын. Ал бүгін толықтай дерлік жасыл. Бүгінде бағдарламаға сәйкес жалғыз «Түрксіб» қосалқы стансасын іске қосу қалды. Қазіргі таңда Алматы толықтай электр қуатымен қамтылып, қуатты мегаполиске айналып отыр. Және барлық жағынан заманауи, қауіпсіз энергонысандар арқылы қуаттан­дырылып отыр. Шаһарда іске қосылған 29 қосалқы стансаның 17-сі ең соңғы құрылғылармен жабдықталып, бүгінгі күн талабына сәйкес салынған. Бұл – «Самұрық-энерго» АҚ-қа қарасты «АЖК» компаниясының нәтижелі жұмысының көрінісі.

Алматы қаласында көшелерді эстетикалық жақсарту және тығыз орналасқан тұрғын үй аумағында электр өрісінің ықпалын азайту мақсатында қуаты 110 кВ әуе жолы бағана­ларын және ұзындығы 2,8 шақырымдық бақылау жүйесімен кабель желісін жүргізу іске асырылды. Қосалқы стансаның құрылысы «Келешек Алматы қаласының 2010 жылдан 2020 жылға арналған электр қуаты сызбасының» негізінде жүргізілді. Алматы қаласы орталық бөлігінің тұтынушыларын электрмен жабдықтау оны ұлғайту мақсатына негізделеді. Құны 2,675 миллиард теңгені құрайтын жоба 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның Индустрияландыру картасы шеңберінде республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуда.

2007-2013 жылдар аралығында қалалық әкімдіктің көмегімен 29 қосалқы станса салынды және қайта жарақтандырылды. Жалпы қуаттың өсімі 3000 МВА-дан асты.

Қайта жабдықтау жұмысы барысында отандық жеткізушілердің құрал-жабдықтары мен қызметтері барынша пайдаланылып келеді. Жаңа қосалқы стансада «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-та жасалған өрт және жарылысқа жол бермейтін «SERGІ» жүйесі, «Электр сервисі» ЖШС-інде жасалған ТБҚ 10 кВ-мен күш беретін транс­форматорлар, өңдеу және құрылыстық материалдар орнатылған.

FaLang translation system by Faboba