«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ өз қызметкерлерінің біліктілігін кезекті рет жарыс арқылы тексерді. Компанияның Бәйтерек ауылында орналасқан оқу-дайындық полигонында 0,4-10 кВ-тық бөлу тораптарын жөндеу және пайдалану жөніндегі электр монтерлер бригадаларының арасында кезекті кәсіптік жарыс өтті. Мұндай ерекше сайыстар компанияда дәстүрге айналған.

Биылғы ең үздік кәсіби бригада атағы үшін Алматы қаласы мен облысынан 16 команда бақ сынады.

Тіс қаққан мамандардың барлығы бұл жарыста топ жаруға тас-түйін дайын келді. Олар өздерінің біліктілігін ғана байқатып қоймай, қарым-қабілеті мен тәжірибесі толысқан шеберлер екенін дәлелдеді. Айталық, үзілген электр сымдарын лезде жалғап, оны іске қосты. Бірақ қиыннан қиыстырар жұмыс бұл емес. Сымды жалғау кезінде, қапыда токқа ілінген әріптестерін жедел құтқарулары керек еді. Ол үшін сайыс қатысушыларына 4-ақ минут берілді. Осы аралықта барлық командалар жәбірленушіні оралған сымнан арашалап, алғашқы көмек көрсете білді.

Жарыстың қорытындысы бойынша бірнеше кезеңнен сүрінбей өткен Өтеген батыр аудандық электр стансасының бригадасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қарасай аудандық электр стансасының бригадасы алса, үшінші орын №3 аудандық электр стансасының бригадасына бұйырды.

Компанияның басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов командаларды жеңістерімен құттықтап, үздік нәтиже көрсеткен бригадаларға құрмет грамотасы мен медальды өз қолымен табыстады. Сондай-ақ, жеңімпаз командаларға ақшалай сый-сияпат көрсетіліп, ынталандыру сыйлықтары берілді.

FaLang translation system by Faboba