2015 жылдың 26 тамызында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ–да Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – болашағым» атты байқау өтті.

Аталған сайысқа «АЖК» АҚ-да жұмыс істейтін 12 қызметкер қатысты. Олар байқауда берілген 4 кезең бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Ал, жарыс барысында сөз алған «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының корпоративтік дамыту және құрылыс жөніндегі орынбасары Жақып Тәкенов Конституция мен мемлекеттік тілдің маңыздылығын айтып, қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтады.

«...Конституцияда айқындалып, мәртебе берілген мемлекеттік тіл – бірлігіміздің іргетасы, ұлтымыздың асқақ абыройы. Қазақ тілі - мемлекетті бірлікке бастайтын елдігіміздің кілті, ал ел бірлігі - ең асыл қасиет. Мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы», - деді Жақып Батырханұлы.

Жарысқа Алматы қаласы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының әдіскері, ф.ғ.м., Жансая Тоғайбекова, «Алматы ақшамы» газетінің бөлім редакторы Ермек Жұмахметұлы, «Серіктес» кәсіподағының төрағасы Бейбіт Аккулиев және «АЖК» АҚ адам ресурстары басқармасының басшысы Әлихан Әбдіров төрелік етті.

Байқауда Телекоммуникация басқармасының қызметкері Ульяна Низамова бас жүлдені жеңіп алса, 4-ЭТА қызметкері Лилия Бойко 2-орынды, ЭТА қызметкерлері Валерий Маркович пен Муминджан Пахирдинов 3-орынды иеленді. Ал, өзге қатысушылар «Алғыс хатпен» марапатталды.

Айта кетейік, шара мақсаты – Ата заңның пәрменділігін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту. Сонымен қатар, ұлттар арасындағы бірлік пен уыздай ұйыған татулықты нығайту болып табылады.

FaLang translation system by Faboba