Шапағаты мол шуақты мерекенің көктемнің алғашқы күндері келуі жақсылықтың нышаны. Қазіргі қоғамда әйел тек отбасының ұйытқысы ғана емес, мемлекеттік маңызды саяси мәселелерге де белсене араласатын үлкен қозғаушы күші. Сондықтан елімізде аналардың әлеуметтік қорғалуына барлық жағдай жасалған. Асыл ана туралы қанатты сөздер, аңыз-әңгімелер көп. Қасиетті хадисте «Жәннәт - ананың табанының астында» - деген сөз бар. Осы сөздердің астарында теңіздей терең мағына жатқаны аян. Өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, тіршілікке тірек болған асыл мұраттары мен қажыр-қайраттары үшін біз ардақты аналарымызға, асыл жарымызға, аяулы қарындасқа әрдайым құрметпен қараймыз.

Өз өмірін энергетика саласымен байланыстырып, қиыншылыққа толы жұмысын туысқандарына деген қамқорлықпен, балаларын тәрбиелеумен және отбасының жайлы қамын жасаумен бірге алып жүрген нәзік жандыларды "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-ның ер азаматтары құттықтады. Шарада компанияның Басқарма Төрағасы Мұхит Үмбетов мерекелік баяндама жасап, әріптес - аруларды 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Бүгінде компанияда 1008 әйел қызмет етеді. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы электр энергетикалық қауымдастығы тағайындаған "Еліміздің еңбек сіңірген энергетигі" атағын иемденгендер бар. Баяндама барысында компания басшысы, сондай-ақ, мекемеде интернационалист-жауынгер, 3-ші дәрежелі "Даңқ" орденінің иегерлері де еңбек ететінін мақтанышпен жеткізді. Құттықтаулардан соң айтулы жиын мерекелік концертке ұласты.

 

FaLang translation system by Faboba