АЛМАТЫ АҚШАМЫ №39(5388)

АҚШАМ-АҚПАРАТ / 04.04.2017 /

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тұтынушыларға арналған кездесу өткізді

«Алатау Жарық компаниясы» АҚ тұтынушыларды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету және «Doіng Busіness» бағдарламасының орындалуына қатысты тұтынушыларға арналған кездесу өткізді. Оған аталмыш компанияның басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары Абай Шаңғытбаев, комитеттің нормативтік-техникалық қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі Жасұлан Қасенов, ко­митеттің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Ерлан Нұркерімов, Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашы­лық басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Аманғалиев, «Алматы­ЭнергоСбыт» ЖШС өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілі Мариям Хасанова және т.б. электр қуатымен жабдықтаушы ұйымдардың басшылары қатысты.

Негізі, бұл басқосу Дүниежүзілік банктің «Doіng Busіness» рейтингіндегі Қазақстанның «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» көрсеткішін көтеруге қатысты өткізіліп отыр. Осы ретте айта кетейік, Қазақстандағы энергетика саласының дамуы жылдан-жылға жақсарып келеді. 2012 жылы «Doіng Busіness» рейтингісіндегі «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» көрсеткіші бойынша Қазақстан 80-орынға көте­рілсе, бүгінде электрмен жабдықтау жүйелеріне қосылу индикаторы бойынша Қазақстан 75-орынға тұрақтады. «Біз «Doіng Busіness» рейтингі көрсеткіштерін жақсарту бойынша көптеген жұмыстар атқардық. Тіпті, ҚР энергетика заңдарына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша, біз Дүниежүзілік банктің рейтингісі бойынша өз позицияларымызды жақсартып келеміз», – дейді атамыш комитеттің нормативтік-техникалық қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі Жасұлан Қасенов.

Айта кетейік, осыдан біраз бұрын электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үрдістерін жеңілдету және электрмен жабдықтаудың сенімділігін жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Осы ретте электрмен жабдықтау желілеріне қосылуға арналған техникалық талаптарды беру мерзімі қысқартылған.

Абай ШАҢҒЫТБАЕВ, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энер­гетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

– Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Бұл – өте үлкен тапсырма. Бұл мақсаттарды орындау үшін көп жұмыс істеуіміз керек. Бізде стратегиялық тапсырма бар, мақсатымыз түсінікті, енді оны бірігіп орындауға тиіспіз. Энергетика саласын алға жылжыту үшін мұндағы мәселелерді кешенді түрде шешуіміз керек. Бұл ретте энергетика саласы туралы заңымызға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. «Doіng Busіness» бағдарламасын орындау үшін тұтынушыларды, әсіресе, кәсіпкерлерді электр энергиясымен қамтамасыз ету оңтайландырылды. Кәсіпкерлер өз бизнесін ашқанда сапалы электр энергия­сына тез әрі оңай қосыла алады. Бұл ретте кәсіпкерлер ғана емес, барлық тұ­тынушыларға тиісті жағдай жасалып келеді. Электрмен жабдықтау желі­леріне қосылуға арналған техникалық талаптарды беру, энергия таратушы ұйымдар мен тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу, энергиямен жабдықтаушы ұйым мен электрмен жабдықтауға арналған шарт жасасу мерзімдері айтарлықтай қысқарды. Тіпті, электр желілеріне қосылу үшін мемлекеттік органнан рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды.

Міне, осылайша, энергетика саласының мамандары тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуде қағазбастылық үдерісін айтарлықтай қысқартып келеді.

Бұдан кейін кездесу сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Тұтынушылар, шағын және орта бизнес иелері энергетик мамандарға өздерінің көкейіндегі сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізіп, толық әрі нақты жауаптарын алды. Сондай-ақ, тұтынушылар қозғаған мәселелер энергетика саласы басшыларының жеке бақылауына алынды.

«Ақшам-ақпарат»

 

FaLang translation system by Faboba