СМИ о нас
АЛМАТЫ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Өткен аптада «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Алматыдағы еншілес кәсіпорны – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ журналистерге арнайы пресс-тур ұйымдастырып, «Ерменсай» қосалқы стансасына апарды. Алатау бөктеріндегі «Ерменсай» қосалқы стансасы Алматының оңтүстігін жарықпен қамтамасыз етіп отырған еліміздегі ең заманауи стансаның бірі деп айтуға болады. Батыс Еуропадан әкелінген электр жабдықтары қай жағынан алсаң да тиімді. Бүгінде жүктемесі қосалқы станса-220/110/10 кВ болатын №131А «Таулы қырат» қосалқы стансасынан қосалқы станса-220/110/10-10 кВ №160А «Ерменсай» қосалқы стансасына ауыстыру жұмыстары толығымен аяқталыпты. Айта кету керек, «Таулы қырат» торабы 1986 жылдан бері жұмыс істеп келген.
Мәншүк БЕКБОСЫН
«Таулы қырат» қосалқы стансасы орналасқан аумақта лай көшкіні болған жағдайда, оның қирау қаупі басым болғандықтан, жаңа орынға ауыстырылды. Қаланың Бостандық ауданы аумағы жарықсыз қалмау үшін апатты жағдайларды болдырмау мақсатында жүктемені «Таулы қыраттан» «Ерменсай» қосалқы стансасына ауыстыру туралы шешім сол үшін қабылданыпты.
– Оған Алматы әкімдігі, «Самұрық-Казына», «Самұрық-Энерго» АҚ қаржы-қаражат жұмсады. Жалпы, 2011 жылы «Ерменсай» қосалқы стансасының құрылысы Алматыда Қысқы Азиада–2011 ойындары өткізілуіне орай іске асырылған болатын. Өйткені, «Таулы қырат» стансасы аумағында «Сұңқар» трамплин спорт кешені орналасқан. Жүктемелерді жаңа орынға ауыстыру жобасы өткен жылы аяқталды. Ал пайдалануға жарамсыз «Таулы қырат» қосалқы стансасы толығымен жойылмақ, – дейді «Алатау Жарық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов.
– «Таулы қыраттағы» бар жүктемені қазір «Ерменсайға» көшірдік. Бұл станса Алматының 30 пайызын жарықпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұдан былай «Самал», «Қазақфильм», «Бағанашыл», «Таугүл» ықшамаудандарының тұтынушылары токты осы стансадан алады. Соңғы 12 жылда 33 подстанция жаңартылып салынғанмен, оның бәрі қаланы ток жүктемесінен толықтай құтқара алмайды. Алдағы уақытта «АХБК» және «Көкөзек» қосалқы стансаларының құрылысы басталып, Алматының Алатау, Жетісу сынды барлығы бес ауданның желілерін жаңарту жоспарланып отыр, – дейді «Самұрық-Энерго» АҚ басқарушы директоры Серік Тютебаев.
Бұдан өзге, Мұхит Үмбетовтің айтуынша, өткен жылы Алматының Түрксіб ауданында жабық пішіндегі жаңа қосалқы станса іске қосылыпты. Су жаңа нысан Алматы қаласын электрмен орнықты жабдықтау бағдарламасын толықтай іске асыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Жас қанат» қосалқы стансасы трансформаторлық қуатты 30 МВА-ға арттырды. Бұл нысан Түрксіб ауданының орталық бөлігін, сондай-ақ «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған «Жас қанат» жаңа ықшамауданын, «Алматы агломерациясының 2030 жылға дейінгі өңіраралық схемасы» бағдарламасы бойынша қалаға қосылған «Қайрат» шағынауданының негізгі бөлігін электрмен қамтамасыз етпек, – дейді «Алатау Жарық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы.