29192 212 elektr uatynan tapsh ru 640x405

Бүгінде адамзаттың электр қуатына деген тәуелділігі уақыт өткен сайын артпаса, еш кеміген емес. Тіршіліктің барлығы ток көздерімен байланысты болғандықтан болар, бүгінде электрсіз бір минутты да көзге елестету қиын. Оның үстіне бүгінгі экономика да электр энергиясына тәуелді. Ел экономикасының тамырына қан жүгіртіп, бойына нәр, тәніне қайрат беретін бірден-бір сала – осы энергетика. Электр қуаты болмаған жерде даму жоқ. Демек, өркениетке қосылғысы келетін мемлекет алдымен қуат көздерін реттеп алғаны жөн.

Өңір халқын жарықтан тарық­тырмау оңай шаруа емес

– Мұхит Әбікенұлы, өзіңіз басшылық ететін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның қызметі жайында айтып берсеңіз? 

– «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ – Алматы қаласы мен Алматы облысының 2,5 миллионнан астам тұрғынын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге және ауыл шаруашылығы қожалықтарына қуат көзін жеткізумен, таратумен айналысатын рес­пуб­лика оңтүстігіндегі ең ірі энергетикалық жүйе. Сонымен қатар, «АЖК» АҚ Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйе­сіндегі Өзбекстан, Қырғызстан, Түркімен­стан сияқты көршілес елдердегі электр қуаты саласындағы алпауыт компания­лардың сенімді серіктесі. Осы нарықта жетекші компания болып отырғанының өзі мекеменің электр қуаты сапалы және бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Жалпы, компанияның электр тасымалдаушы желісінің ұзындығы 29 мың шақырымнан асады. Ал трансформаторлы қосалқы стансалардың саны жеті мыңға жуықтайды.

–    «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның еліміздегі ең ірі энергетикалық компа­ния ретінде қомақты жетістіктері де бар болар?

–    Жалпы, өңір халқын жарықтан тарық­тырмау оңай шаруа емес. Жауапкер­шілік пен  тәулік бойы тынымсыз жұмысты қажет етеді. Өткен жылы бірқатар ауқымды шаруалар атқарылды.  Алматының Түрксіб ауданында жабық пішіндегі жаңа қосалқы станса іске қосылды. Оның ерекшелігі, Алматы қаласын электрмен қамтамасыз ету белдеуін толықтай іске асыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Жас қанат» қосалқы стансасы Түрксіб ауданының  «Жас қанат»  және «Қайрат» шағын­аудандарын тұрақты және сапалы электрмен қамтып отыр. Айта кетейік, қала тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында  Алматы әкімдігі және «Самұ­рық-Қазына» ҰӘҚ тікелей  атсалысуымен 1986 жылдан бері жұмыс істеп келген «Таулы қырат» торабын, аумақта лай көш­кіні болған жағдайда, оның қирау қауіпі басым болғандықтан, оны жаңа «Ермен­сай» 220/110/10-10 кВ №160А қосалқы стансасына ауыстыру туралы шешім қабыл­данған болатын. Қазіргі таңда «Ер­менсай» қосал­қы стансасына жүктемені ауыстыру жұмыстары толығымен аяқталды.

– Білуімізше, электр қуатын жеткізуде желілерді бағанамен қатар жер астымен де жүргізу әдісі қолданылады.  Мұның ерекшелігі неде?

– Әуе желісіне қарағанда, жер астымен жететін электр жүйесі ауа райында жиі кездесетін табиғаттың түрлі тосын мінезінің зардабына ұшырамайды. Мәселен, дауыл кезінде немесе қатты нөсерде әуедегі желілер апатқа жиі тап болады. Ал жерасты жүйесі тұрақты әрі сапалы жұмыс істеумен қатар, ұзақ мерзімге шыдас береді. Әрине, оның құрылыс құны қымбатқа түседі. Де­генмен, эксплуатациялық шығыны төмен әрі техникалық ақауға да аз түседі. Электр қуатының жерасты жүйесіне броньдалған желілерді пайдаланған дұрыс. Өйткені, оның сыртқы металды қаптамалары химия­лық әсерге төтеп бере алады, тапталуға ұшы­рамайды. Егер сырты қапталмаған желі төселетін болса, арнайы технология­лық қорғаныс жүйелері қолданылады.

«ЭЛЕКТР ҚУАТЫНА ДЕГЕН СҰРАНЫС ЖЫЛДАН-ЖЫЛҒА АРТЫП КЕЛЕДІ»

–    Мұхит Әбікенұлы, бүгінде тұтыну­шы­лардың электр қуатына қосылу тәртібі біршама жеңілдетілген көрінеді.

–    Дұрыс айтасыз. Жалпы, Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қата­рына қосылуды мақсат етіп отыр. Бұл мақ­сатты орындау үшін көп жұмыс атқары­луда.

Бүгінгі таңда, Дүниежүзілік банктің жүргізіп жатқан «Doіng Busіness» рейтин­гісінде электрмен жабдықтау жүйелеріне қосылу индикаторы бойынша Қазақстан жақсы жетістіктер көрсетуде. Ол дегеніміз, бизнестің алға басуы мен сапасын артты­руға ықпал етеді.  Кәсіпкерлер өз бизнесін ашқанда сапалы электр энергиясына тез әрі оңай қосыла алады. Бұл ретте кәсіп­керлер ғана емес, барлық тұтынушыларға тиісті жағдай жасалып келеді. Электрмен жаб­дықтау желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды беру, энергия таратушы ұйымдар мен тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу, энергиямен жабдықтаушы ұйым мен электрмен жаб­дықтауға арналған шарт жасасу мерзімдері айтарлықтай қысқарды.

Мәселен, тұтынушылар енді техника­лық шарттарды он төрт күнде емес, бес күн ішінде алатын болды. Сонымен, біздің компанияда техникалық шартты дайындау толық цифрландырылды деуге болады.

«Алатау Жарық Компаниясының» басты мақсаты – Дүниежүзілік банктің «Doіng Busіness» рейтингінде жоғары нәтиже көрсетіп, тұтынушылардың біздің желілерге қосылуын тез әрі сапалы орындау болып табылатынын өздеріңіз де жақсы білесіздер.

Тұтынушы­ларды электр энергиясымен қамтамасыз етуде қағазбастылық үдерісін айтарлықтай қысқартып келеміз. Осы жұмыстардың бәрі заманға сай ақпараттық технологияларды жан-жақты және үйле­сімді пайдаланудың арқасында жүзеге асып отыр.

–    Сонда болашақта цифрлы техно­логияны шаруашылық жүйесіне енгізу өте маңызды демекшісіз ғой?

–    Әрине, қазіргі уақытта заманауи ақпараттық технологиялардың мүмкіндігі зор. Қай салада болмасын, бұл технология жұмысты жеңілдетуге бірден-бір ықпал етіп отыр. Қазір жұрт жаңа технологияның тілін меңгеруге көшті. Осы тұрғыда біздің ком­пания да  «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масын  қолға  алды.

Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушыға электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды онлайн тәртібінде ғаламтор арқылы алуға мүмкіндік бар. Ол үшін тұтынушының электронды цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Яғни әрбір тұты­нушы үйден шықпай-ақ өз өтінішін ғалам­тор арқылы жолдап, қысқа уақыт ішінде техникалық шарт алуына болады.  Өткен жылы аталған жүйені тұтынушылары­мыздың 60 пайызы пайдаланыпты.  Соны­мен қатар, бұл туралы толық ақпаратты  www.azhk.kz сайтынан біле аласыз.

–    Алматыда электр энергиясын ком­мер­циялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Мұның артықшылығы неде?

–    Қазіргі таңда «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тұтынушыларды  электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесімен жабдықтап жатыр. Жаңа жүйе бізге әр есептеуіштегі көрсеткішті білуге мүмкіндік береді. Заманауи электр жүйесінде бәрі бірыңғай болуы шарт. Сол үшін біз электр желілері мен есептеуіштерді, трансформаторларды жаңалап, қосалқы стансаларды заманға лайықтап салып жатырмыз. Бұл жүйе электр қуатын есептеудің нақтылығын арт­тырып, шығындарды төмендетуге мүм­кіндік береді. Ең бастысы, бұл компания қызмет­керінің электр қуатын тұтыну бойынша нақты мәлімет алуын қамтамасыз етеді.  Қазір бұрынғыдай емес, электр қуа­тын ұрлау азайды десек те болады. Соған қара­мастан, электр қуатын тұтынушыға жеткі­зуде артық ысырапты да болдырмау жолында жүйелі жұмыс жасаудамыз.

«МЕКЕМЕДЕ жігерлі, іскер ЖАСТАР АЗ ЕМЕС»

–    Жоғарыда аталған қыруар шаруа­ларды атқару үшін білікті мамандар қажет екені белгілі және олардың кәсіби шыңда­луына қандай жағдай жасалуда?

–    Әрине,  кәсіби шеберлікті шыңдау қай мамандықта болмасын аса қажет. Біз де мамандардың біліктілігін арттырып, өз ісінің хас шебері атануына үнемі көңіл бөліп отырамыз. Айта кетерлік жәйт, компания маман­дарынан  құрылған команда ТМД елдерінде ұйымдастырылып отыратын кәсіби жарыстарға жиі қатысады. Нәти­жесінде «АЖК» АҚ командасы ТМД елде­рінің ішіндегі ең мықты командалар тобы­ның құрамына енді. Сондай-ақ, электр желілерін жедел жөндеу қызметкерлерінің республикалық кәсіби сайыстарында бірінші орын иеленсе, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының V мерейтойлық спартакиадасының жеңімпазы атанды.

Компанияның оқу-жаттығу орталы­ғында кәсіби шеберлікті арттыру мақса­тында жыл сайын дәстүрлі түрде жарыстар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, маманда­рымыз техникалық қауіпсіздікке байла­нысты үнемі емтихан тапсырып отырады.

–    Кез-келген қоғамның қозғаушы күші һәм келешегі, елдің тұрақты дамуының кепілі – жастар. Бұл ретте Мемлекет басшы­сының 2019 жылды  Жастар жылы деп жариялауы бекер емес. Осы орайда, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жас мамандарды қолдау мақсатында қандай шараларды жүзеге асырып жатыр?

–    Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Қазіргі жастар білімді, еңбекқор, талантты. Елбасының бұл бастамасы жалынды жастарға ерекше жігер сыйлай­тыны анық. Біздің мекемеде ізімізді басып келе жатқан жігерлі, іскер жастарымыз да аз емес. Солардың ішінде басшылық қызметте жүр­гендері де бар. Сонымен қатар, мекемеде жас пен аға буынның тұрақты байланысын ұстап тұруға көңіл бөлінеді. Екі ұрпақ сабақтастығының байланысын нығайту, әсіресе, жастардың өміріне дұрыс бағыт-бағдар беретіні сөзсіз. Мұның ар жағында қоғамдық сананың қалыптасуы, ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндеттер жатыр. Үлкендердің өмірлік тәжірибесі – жас мамандар үшін маңызды сабақ.

Энергетика саласының маманы болу әркез жауапкершілікті, үлкен қажыр-қайрат пен біліктілікті талап етеді. Қазір еңбек демалысындағы ардагерлердің осы салада жиғаны өте көп. Кейінгі буынға берері мол болғандықтан, әркез көрген-білгені мен түйгенін жастармен бөлісуге даяр тұрады. Сондықтан олардың бай тәжі­рибесін орнымен пайдалансақ, ұтылмай­тынымыз анық.

–    Бүгінгі жетістік ертеңге өлшем емес деп жатамыз.  Компанияның алдағы жылға қандай жоспарлары бар?

–    Жылдан-жылға электр қуатына деген сұраныс артып келеді. Осы жылдың бірінші маусымының қорытындысы бо­йынша, былтырғы жылмен салыстырғанда тұтынушылық қызмет біршама артып отыр.

Бұл осы жылдың аяғына дейін биылғы көрсеткіш одан да жоғары болады деген сөз. Демек, біз нарықта өз орнымызды одан әрі кеңейтіп, халықты тиісті жарықпен қамта­масыз ету қызметін одан әрі абыроймен жалғастыра береміз. Біздің міндетіміз – ел үмітін ақтау, оларға қолайсыздық тудыр­мау. Оның бәрі техникалық, экономи­калық жағдайларға байланысты.   Сондық­тан алдағы міндеттерді жоғары дәрежеде орындаймыз деп сенемін.

–    Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –

Мәншүк БЕКБОСЫН.

almaty-akshamy.kz

FaLang translation system by Faboba