СМИ о нас
«АЛАТАУ ЖАРЫҚ КОМПАНИЯСЫ» ЖАҢАРТУ ЖАСАП ЖАТЫР
АҚШАМ-АҚПАРАТ / 24.02.2017, 23:47 /
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тұтынушыларды электр қуатына қосу және оны техникалық жаңарту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізді. Мұны өткізудегі басты мақсат – Алматы қаласы мен облысы тұтынушыларын электр қуатымен жабдықтау сенімділігін арттыру.
Серік ЖҰМАБАЕВ
Шараға электр қуатымен жабдықтаушы ұйымдар мен тұтынушылар, шағын және орта бизнес кәсіпкерлері, заңды және жеке тұлғалар, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басшылығы, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментінің басшылығы, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС өкілдері қатысты.
Айта кетейік, «Алатау жарық компаниясы» АҚ ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментінің басшылығымен, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС жетекшісімен, кәсіпкерлердің Ұлттық палатасымен бірлесе отырып, электрмен жабдықтау жүйесіне қатысты алғаш рет ашық есік күнін өткізіп отыр. Осылайша тұтынушылар, шағын және орта кәсіп иелері энергетика саласының басшыларына тікелей сұрақ қойып, тұшымды жауап алуына мүмкіндік алды. «Бұл арқылы біз энергетика саласындағы жұмыстардың барлығы ашық және жариялы түрде жүргізілетіндігін көрсеткіміз келді», – дейді сала мамандары.
– Электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үрдістерін жеңілдету және электрмен жабдықтаудың сенімділігін жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Осы ретте электрмен жабдықтау желілеріне қосылуға арналған техникалық талаптарды беру мерзімі қысқартылды. Мәселен, электр қондырғылары 200 кВт дейінгі қуатымен орнатылған тұтынушылар енді техникалық талапты бес күн ішінде алатын болды. Бұрын бұл 14 күнге созылатын. Сондай-ақ, энергия таратушы ұйымдар мен тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу мерзімі де қысқартылды. Бұрын бұл 20 күнге созылса, қазір үш күнге азайды. Тіпті, электр желілеріне қосылу үшін мемлекеттік органнан рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды. Сонымен бірге энергиямен жабдықтаушы ұйым мен электрмен жабдықтауға арналған шарт жасасу мерзімі жеті күннен үш күнге қысқартылды, – дейді ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Ерлан Нұркерімов.
ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті мемлекеттік бақылаудың өзге нысандары аясында Алматы қаласының энергия таратушы және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарының электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттар беру, тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу және электрмен жабдықтауға шарт жасасу мерзімдері туралы ақпаратына әрдайым сараптама жасайды екен. Бұл шара электр энергетикасы саласындағы заңнама реформаларын жүзеге асыру және басқаларға жеткізу мақсатында өткізіліп отырған көрінеді. Енді Алматы қаласының энергия таратушы және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарына тұтынушыларға техникалық шарттарды беру кезінде, тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу, электр желісіне қосу және электрмен жабдықтау шартын жасау кезінде қағидада бекітілген мерзімдерді сақтауы міндетті. Бекітілген электрмен жабдықтау сенімділігінің нормативтік көрсеткіштерін орындауы тиіс. Егер электрмен жабдықтау сенімділігі көрсеткіштерін энергия таратушы ұйымдар сақтамайтын болса, онда олардың бірінші басшыларына 125 АЕК айыппұл салынады екен.
Бұдан кейін кездесу сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Тұтынушылар, шағын және орта бизнес иелері энергетик мамандарға өздерінің көкейіндегі сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізіп, толық әрі нақты жауаптарын алды. Сондай-ақ, тұтынушылар қозғаған мәселелер энергетика саласы басшыларының жеке бақылауына алынды.