АЛМАТЫ АҚШАМЫ

23 сәуiр 2016 жыл.

№48 (5241)

Мөлдiр НҰРТАЙ

Алматының көп қабатты тұрғын үйлерiне және жеке секторларға жарықты үнемдейтiн әрi қашықтықтан басқарылатын есептеуiш құралдары орнатылуда. Бұл жұмыс кезең-кезеңiмен жүзеге асатындықтан, толығымен тек 2020 жылы аяқталады. Биыл жеке және заңды тұлғаларға 124 мың 836 жарықты есептейтiн құрал орнатылған.

Розыбакиев көшесiндегi «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның кеңсесiнен бастау алған көшпелi жиын шаһардың өзге аудандарындағы жеке үйлер орналасқан секторларда жалғасты. Аудан көшелерi бұрынғы ағаш бөренелер мен кабель сымдардың орнына темiр-бетон бағаналар мен СИП (самонесущий изолированный провод) жаңа сым желiлерiмен қайта жарақталынған.

Бұл жүйенiң басты ерекшелiгi – тұтынушылар тұтынған электр энергия көрсеткiшiн дәлме-дәл санайды. Оған қоса, электрондық есептеу құрылғысы жиналған деректердi сақтап, расталған ақпаратты тексерушi қызметкерлердiң көмегiнсiз-ақ бiрден жарық жеткiзушi компанияға жөнелтедi. Ендiгi кезекте ай сайын пәтерлерге бас сұғатын 450 бақылаушының жұмысын жаңа жүйе атқарады. Есесiне, уақытында жарықтың ақысын төлемейтiндердiң әрекетi бiрден белгiлi болады. Ал, мұндай абоненттердiң жарығын мамандар қашықтан электр куатынан ажырата алады. Бұдан бөлек, жаңа құрылғы айлық электр тұтыну лимиттерi бойынша тарифтердi еш қатесiз есептейдi.

– Осыған дейiн, электр энергиясын бақылаушылар есептеуiш құралдың көрсетiлiмдерiн жазып, содан кейiн арнайы ұялы телефон арқылы орталық базаға жiберiп отыратын. Кей кездерi сандары дұрыс көрсетiлмей, арада түсiнiспеушiлiк пайда болатын. Демек, өте ыңғайсыз әрi уақыт жағынан да үнемсiз едi. Тұтынушылардың көрсетiлiмiн бiр мезетте жинауға мүмкiндiк бермейдi, – дедi «АЖК» АҚ-ның қалалық электр желiлерiн тарату басқармасының басшысы Мадияр Көбегенов.

Алдағы уақытта, яғни, 2020 жылға дейiн қаламызда тұтынушылардың 100 пайызы отандық электрондық есептегiш құрылғымен қамтамасыз етiлмек. Ағымдағы жылда 15 мыңға жуық абоненттiң баспанасына жаңа жүйе қондырылады.

Жаңа жүйенi қолдану уақытты үнемдеуге мүмкiндiк бередi. Әрi қолданылған энергия жүйесiнiң ақысын төлеуде ендi тұрғындар арасындағы сенбеушiлiк жойылады деп отыр энергетиктер. Қазiргi таңда Алматыда 7 электр торабы бар. Оның бесеуiне автоматтандырылған жүйе орнатылған.

Алып мегаполистi қамтамасыз етiп отырған «Алатау жарық компаниясы» АҚ осындай өлшеусiз жұмыстар атқарып жатыр. Алда бағдарланған жоспарлар мен жұмыстарды орындауда энергетиктерге күш-қуат тiлеймiз.

FaLang translation system by Faboba