СМИ о нас
ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН БАРША ХАЛЫҚ
Соғыс отының ортасында энергетиктер де болған
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ барша Қазақстан халқымен бірге Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін өткізу бойынша іс-шараларды қолға алып отыр. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл өтіп, бірнеше ұрпақ ауысты. Бір кездегі ортақ Отанды қорғаған одақтас республикалардың өз тәуелсіздігін жариялағанына да 20 жылдан асты. Бүгінгі күн тұрғысынан сонау 1941–45-жылдардағы сұрапыл соғысты әртүрлі әңгіме қылып, тарихта басқаша көрсеткісі келетіндер де жоқ емес. Бір нәрсе анық. Біздің ата-әкелеріміз ортақ Отанды қорғап, болашақ ұрпақ – біз үшін бейбіт өмірді сақтап қалды.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда майданға аттанған миллионнан астам қазақстандықтардан көзі тірі бес мыңдай ғана майдангер қалыпты. Қан майданнан оралған Жеңіс жауынгерлері ол жылдарда қол қусырып отырмады. Соғыстан кейінгі тұралап қалған шаруашылықты, өндірісті қайта тіктеуге кірісті. Еңбек майданына араласып, қаруды күрек пен қайлаға, орақ пен балғаға ауыстырды. Тұрмыстың сан саласында аянбай еңбек етті, тер төкті. Майдандағы батырлықты еңбектегі ерлікпен ауыстырды.
Соғысқа Алматыдан мыңдаған адамдар алынып, бірнеше дивизия жасақталғаны белгілі. Даңқты Панфилов дивизиясы, М.Мәметова, М.Ғабдуллиндер ерлік көрсетіп, сапта болған 100-дивизия, т.б. тарих болып қалды. Жер жыртып, мал баққан шаруа да, зауыттағы жұмысшы да, білім қуған зиялы қауым да қолға қару ұстап, Отан қорғауға қатар аттанды. Сол қатарда Алматының энергетиктері де болғаны анық.
Бүгінгі таңда «Алатау Жарық Компаниясында» жұмыс істеген 6 соғыс ардагерінің көзі тірі және 26 тыл ардагері бар. Олар сол соғысты көрген, Жеңісті жақындатуға үлес қосқандар. Ардагерлер біздің мекеменің қамқорлығында. Көзі тірі ардагерлерді компанияның қызметтері мен бөлімдері қалап алып, тұрмысына байланысты көмек көрсетіп келеді. Ардагерлердің алды ғасыр жасап отыр бүгінде. Сондықтан олардың азық-түлігін әкеліп беру, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты қолғабыстың өзі үлкен көмек. Бұл көмектер жоғарыдан түскен нұсқау, бұйрық арқылы емес, қызметкерлердің өз ынта-ниеттерінен туындап отыр.
Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов Жеңістің 70 жылдығына байланысты атқарылуға тиісті іс-шаралардың жоспарын бекітті. Осыған орай «Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады» акциясы қолға алынды. Жоспарлы іс-шаралардың мақсаты — Ұлы Жеңісті ұлықтап, бүгінгі ұрпаққа оның мәні мен маңызын жеткізу. Көзі тірі ардагерлерді қамқорлыққа алу. Жеңістің 70 жылдық мерекесін майдангер ата-әкелер алдындағы ұрпақ парызын өтей отырып қарсы алу. АЖК АҚ басқармасы бекіткен жоспар бойынша 2014 жылдың қараша айында Жеңіс мерекесіне арналған іс-шаралардың ұйымдастыру комитеті құрылды. БАҚ-тарда Ұлы Жеңіске байланысты, соғыс тақырыбындағы материалдар жариялау қолға алынды. 2015 жыл басынан арнайы сайт ашып, «Әскери үнпарақ» (Боевой листок) жүргізіліп, тақырыбы «Осыдан 70 жыл бұрын» деп қойылды. Үнпарақта соғыс кезіндегі майдан даласынан жеткен ақпараттар мұрағаттардан алынып жариялануда, «Қазақстан соғыс жылдарында» тақырыбы кеңінен тарқатылып отыр.
Ай сайын «Ардагердің мекен-жайы» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, соғыс және тыл ардагерлерінің (барлығы 32 адам) үйіне барып, көмек көрсетіліп отыр.
АЖК АҚ басқарма төрағасы М.Үмбетовтің бұйрығымен мекеме атынан әр соғыс ардагеріне 150 мың теңге, әр тыл ардагеріне 100 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетуге шешім шығарылды.
«Балалардан – ардагерлерге» атты ұрпақ сабақтастығы акциясы аясында компания қызметкерлері балалары арасында соғыс, Жеңіс тақырыбында сурет салу конкурсын өткізу жоспарланған. Конкурс тақырыбы – «Егер соғыс болмағанда…».
Компанияның жүйелік қызметтері, бөлімдері арасында да «Жер бетіндегі өмір үшін» тақырыбында газет-плакат шығару бәйгесі жарияланып отыр.
Жеңістің 70 жылдығына соғысқа қатысқан энергетик-майдангерлердің отбасылық мұрағаттарынан «Мен жоқ сурет» атты тарихи-танымдық экспозиция дайындау жоспарланған. Мақсат – бүгінгі ұрпаққа соғыс жайында деректі мағлұмат беру.
Компания бөлімдері арасында Жеңістің құрметіне спорттық жарыстар өткізіледі.
Жеңіс күні қарсаңында соғыс тақырыбындағы әндерден «Солдат әндері» байқауы, мәнерлеп оқудан «Жеңістің бағасы» байқауы өтеді. Осы күндері Алматы қаласы мен облыстағы соғысқа арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухтарына тағзым ету шаралары өтеді.
5 мамыр күні «АЖК» АҚ қамқорлығындағы соғыс және тыл ардагерлерін ұлықтап, сыйлықтар таратып, қайырымдылық шаралары өтеді. Осы күні ардагерлерге Жеңіс күні құрметіне, Мәскеуде арнайы басылып шыққан ардагер-энергетиктердің естеліктерінен құралған кітап таратылады.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқармасы бекіткен іс-шара жоспарының бір парасы осындай.
Жеңісті ұлықтау, ардагерлерді құрметтеу — бір мезеттік шара емес, жылдан-жылға жалғасатын құрмет. Бұл іс-шаралардың мақсаты да ауқымды. Ұлы Жеңісті ұлықтау арқылы тарихи сананы жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеңімпаз халықтың рухын жалғау. АЖК АҚ мекемелеріндегі Жеңіс тақырыбына арналған майдангерлер суреттері ілінген стендтер, соғыс тақырыбына арналған мүйістер де, «Естелік кітабы» да науқандық шара емес — тарихи жәдігер.
Себебі, «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды».