Ұлы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ энергетика саласына сүбелі үлес қосқан ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, мерекелік жиын өткізді. 

Айтулы шара барысында сөз алған Басқарма төрағасы Мұхит Үмбетов «...Ардагерлеріміздің ерен ерліктері арқасында біз бүгін бейбіт өмір, бақытты ғұмыр кешудеміз. Сіздердің ерліктеріңіз – біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Біз әрқашанда Жеңіс күнін және аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін – жастарды ерлік пен патриотизмге тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз...» деп ардагерлерге құрмет білдірді.

Компания үшін үрдіске айналған бұл шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты Жеңісті жақындатқан аталарымыздың ерліктерімен таныстырып, ортамызда жүрген ардагерлерге құрмет көрсету. Алматы қаласы мен облысының 2 жарым миллионнан астам тұрғынын электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған ірі мекеме - «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да қазіргі таңда 6 ҰОС ардагері және 24 тыл еңбеккері бар.

Шара барысында Отан қорғап, өшпес ерлік көрсеткен қарт майдангерлерге компания ұжымы сый-сияпат жасап, материалдық көмек көрсетті.

FaLang translation system by Faboba